Әзірбайжан Республикасына сапары барысында ЕҚЫҰ-ның Қазіргі төрағасы, ҚР Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев бірқатар кездесулер өткізді

OSCE Chairperson meets Azerbaijani leaders

Әзірбайжан Республикасына сапары барысында ЕҚЫҰ-ның қызметтегі төрағасы, ҚР Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Ұйымның Таулы-Карабах жанжалын реттеуге жаңа серпін беруге және ұзаққа созылған жанжалдарды шешуде мардымды жетістіктерге қол жеткізу үшін елдердің тарихи жақындығын тиімді пайдалануды ұсына отырып, делдалдық үдерістерді қолдауға дайын екендігін тағы бір мәрте атап өтті.

«Біз Оңтүстік Кавказ аймағына және аймақ елдері тап болып отырған бірқатар қиын мәселелерді шешуде халықаралық тұрғыда көмек беруге ерекше мән береміз», - деп Қанат Саудабаев Әзірбайжан Сыртқы істер министрі Эльмар Маммадьяровпен кездесуі соңында ойын ортаға салды. «Аталмыш мәселенің жанжалға қатысушылар арасында өзара сенім және түсіністік негізіндегі бейбіт жолдан басқа мүмкін амал-тәсілдердің жоқ екендігіне көз жеткізіп отырмыз».

«Қазақстан – ЕҚЫҰ-да төрағалық етуге қол жеткізген бірінші посткеңестік мемлекет. Тарихи жақындығымыз бен ділдеріміздің ұқсастығын және ел басшылары арасында қалыптасқан өзара сенімді де игі қатынастарды «ұзаққа созылған жанжалдарды» бейбіт жолмен шешу барысында барынша пайдалануға ұмтылып отырмыз.
Мен Минск тобының тең төрағаларының делдалдық ұмтылыстары мен күш-жігерлерін толығымен қолдаймын және менің арнайы өкілім Елші Анджей Каспшиктің сенімділікті нығайту бағытындағы жұмыстарын жоғары бағалап отырмын» - деп атап өтті Қанат Саудабаев.

ЕҚЫҰ-ның қызметтегі төрағасының тұжырымдауынша, Ұйымдағы Қазақстан төрағалығының басты құралдары ретінде ұзаққа созылған жанжалдардың одан әрі өрбу мүмкіндіктерінің белгілерін қадағалап, уақытылы анықтап отыру, сонымен қатар, ЕҚЫҰ аясында саяси кеңесу тұрғысындағы алдын-алу механизмдерін пайдалану болмақ. Осы орайда, Қанат Саудабаев жанжалға киліккен елдер арасында өзара төзімділік, сенім және түсіністікті нығайту маңыздылығына басты назар бөлу қажеттілігін атап отыр.
Сапары аясында қазақстандық сыртқы саяси ведомство басшысы Әзірбайжан Президенті Ильхам Алиевпен, Парламент спикері Октай Асадовпен, Сыртқы істер министрі Эльмар Маммадьяровпен және елдің саяси партиялары өкілдерімен кездесулер өткізді.
ҚР Сыртқы істер министрінің бұл сапары ЕҚЫҰ-ның қызметтегі төрағасы ретінде Оңтүстік Кавказ өңіріне жасаған алғашқы сапары болып отыр. Бұл өңірде ұйымның жергілікті миссиялары қызмет етуде. Қанат Саудабаев Әзірбайжанның ЕҚЫҰ институттарымен, оның ішінде, ЕҚЫҰ-ның Баку қаласындағы кеңсесімен, БАҚ еркіндігі мәселелері жөніндегі Өкілмен және Адам құқықтары және демократиялық институттар жөніндегі Бюромен өзара іс-қимыл жасасуының аса маңызды екендігін атап өтті.

Қ.Саудабаев Әзірбайжанның елдегі бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты саяси ортаны жетілдіру, сонымен қатар, қараша айында өтетін Парламент сайлау үдерістерін бақылауды ұйымдастыру мәселелері бойынша, 2008 жылы өткен Президенттік сайлау кезіндегі оңды жетістіктерге сүйене отырып, ЕҚЫҰ-мен одан әрі ынтымақтастықты нығайта түсетіндігіне өзінің сенімін білдірді. Оған қоса, Қ.Саудабаев мемлекетте демократиялық реформаларды жүзеге асыруда ЕҚЫҰ-ның барынша қолдау көрсетуге дайын екендігін атап өтті.

Кездесу соңында Министр Әзірбайжан басшылығын Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2010 жылы ЕҚЫҰ Саммитін өткізу жөніндегі бастамасын жүзеге асыруға қатысқандығы үшін алғысын білдірді.

Сол күннің кешіне қарай ЕҚЫҰ-ның қызметтегі төрағасы сейсенбі күні Армения басшылығы мен саяси партиялары өкілдерімен келіссөздер жүргізуге Ереванға ұшып кетті.

15 February 2010, 5:00